2025 жылдың далалық маусымында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі алғаш рет (Лицензия нөмірі 24017011 Тарих пен мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыстарды жүргізу) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 22 км жерде Тораңғылсайдың ескі арнасының сол жағалауындағы Ортағасырлық Асанас-3 қалашығына шағын қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында қалашықтың жоспары төртбұрышты болып келген. Археологиялық ескерткіштің көлемі 350 × 350 м., жалпы аумағы 12 гектар, қабырғасының биіктігі – 1-1,5 м, ені – 1,5 м қалашық сыртында айналдыра ор қазылғаны сонымен бірге қалашық үстіңгі қабатының сексеуіл егу барысында, арнайы жыртылғаны белгілі болды. Шағын археологиялық қазба жұмыстары қалашықтың орталық бөлігінде жүргізіліп, үлкен үйдің 2 бөлмесі ашылып, бұлардың шаруашылық бөлмелері екені анықталды. Қазба жұмысы кезінде табылған мыс теңгенің пайдаланылған уақыты археолог-ғалымдардың пікірінше Алтын Орда дәуіріне сәйкес келеді. Қазба орнынан табылған басқа да археологиялық бұйымдар зерттелуде. Экспедиция кезінде қалашыққа жақын маңда әлі де зерттеуді қажет ететін ортағасырлық нысандар табылды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Асанас археологиялық экспедициясы» өңіріміздегі тарихи мұрамызды зерттеу, насихаттау және сақтаудағы алғашқы қадамы болмақ.
