You are currently viewing «МУЗЕЙ TOUR: ЭКСПОНАТТАР ЭКСПЕДИЦИЯСЫ» КЕШЕНДІ ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСУДА

«МУЗЕЙ TOUR: ЭКСПОНАТТАР ЭКСПЕДИЦИЯСЫ» КЕШЕНДІ ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСУДА

Ы. Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде Жетісу облысының дала академигі, көрнекті қоғам қайраткері, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың 120 жылдығына арналған «Еңбекпен Ер атанған – Нұрмолда» атты көшпелі көрменің ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты жиынды Шиелі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қасымов Жантас Инаятханұлы ашып, жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жақаев Сейітбек Ыбырайұлы тағылымды тұлғаның өнегелі өмір жолы жайында ой бөлісіп, жүрекжарды тілегін білдірді.

Сыр өңіріне арнайы ат басын бұрған қонақтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, дәстүрге сай сый-сияпат көрсетілді. Бұл – өңіраралық мәдени байланыстың нығая түскенінің айғағы.

Көрме экспозициясына Нұрмолда Алдабергеновтің саналы ғұмыры мен ерен еңбегін айқындайтын фотосуреттер, тарихи құжаттар, марапаттары және жеке тұтынған бұйымдары қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылды.

Тағылымды шараға Шиелі ауданының мәдениет және музей қызметкерлері, ауыл ардагерлері, «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблі және мектеп оқушылары қатысты.