Бүгін Шиелі ауданындағы «Руханият» орталығында «Музей TOUR: экспонаттар экспедициясы» жобасы аясында, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 95 жылдығына және ел жадында із қалдырған ұлы тұлғалардың мерейтойларына орай «Тарихта таңбаланған Әулиеата тұлғалары» атты көшпелі көрменің ашылу рәсімі өтті.
Көрменің мақсаты – Шиелі жұртшылығын ұлттық тарихтың құндылықтарымен таныстырып, елдік пен ерліктің, өнер мен еңбектің символына айналған тұлғалардың мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру. Экспозицияда қазақ руханияты мен мәдениетіне үлес қосқан тұлғалардың жеке заттары, сирек фотосуреттері, кітаптары мен қолжазбалары ұсынылды. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы музейінен әкелінген құнды жәдігерлер қойылды. Шараға аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шәлекеева, «Даңқ» залы мен Б.Момышұлы музейінің меңгерушісі Демешев Құрманғазы Мыңжасарұлы, зиялы қауым, студенттер, оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара соңында музей ұжымына аудан әкімінің атынан алғыс хат пен сый-сияпат табысталды.

Көрме 23 ақпанға дейін жалғасады.
