You are currently viewing «ТҮРКІСТАН. МЫҢЖЫЛДЫҚТАР СӘУЛЕСІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

«ТҮРКІСТАН. МЫҢЖЫЛДЫҚТАР СӘУЛЕСІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Руханият орталығындағы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты республикалық көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – бүкіл Түркі әлеміне ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, рухани мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ оның жолын жалғаған шәкірттері мен ізбасарларының еңбектерін көпшілікке таныстыру. Сонымен бірге «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында сақталған бірегей жәдігерлерді халық назарына ұсыну болып табылады.

Көрме экспозициясынан Түркістан оазисі қалаларының тарихына қатысты құнды деректерді көруге болады. Шербай мен Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар, Шауғар–Шойтөбе, Ясы–Күлтөбе қалашықтарынан алынған тарихи жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар X ғасырға жататын Құран Кәрімнің түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» сияқты таңдаулы еңбектері мен оның шәкірттері қалдырған құнды қолжазбалар да көпшілік назарына ұсынылды.

Шараға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесі, жастар ресурстық орталығының мамандары, кент орталығындағы мешіт имамдары, архив қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара соңында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұжымына аудан әкімінің орынбасары атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды.