Бүгін Руханият орталығындағы Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінде Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты республикалық көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көрменің негізгі мақсаты – бүкіл Түркі әлеміне ортақ ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысын, рухани мұрасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ оның жолын жалғаған шәкірттері мен ізбасарларының еңбектерін көпшілікке таныстыру. Сонымен бірге «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында сақталған бірегей жәдігерлерді халық назарына ұсыну болып табылады.
Көрме экспозициясынан Түркістан оазисі қалаларының тарихына қатысты құнды деректерді көруге болады. Шербай мен Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар, Шауғар–Шойтөбе, Ясы–Күлтөбе қалашықтарынан алынған жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар X ғасырға жататын Құран Кәрімнің түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» сияқты таңдаулы еңбектері және оның шәкірттері қалдырған құнды қолжазбалар көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға Шиелі ауданы әкімінің аппарат басшысы Каримов Ғалымжан Болатұлы, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Мейірбекұлы, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының мамандары, архив қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара соңында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұжымына аудан әкімінің атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табысталды.

