МУЗЕЙ ТАРИХЫ
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының ұйымдастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының шешімімен құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған музей тұрағы 1890-1896 жылы салынған Перовск Қазан – Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болды. 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге екі қабатты үй бөлінді де, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастады. Ескі музей орналасқан ғимараттың өзі 1953 жылы салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі.
Қасиетті Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында Сырдария өзенінің сол жағалауында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдық тарихында алғаш рет арнайы заманауи ғимарат салынып, 2025 жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Жаңа музей арнайы қор сақтау қоймаларымен жабдықталған.
Музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған 11 экспозициялық залдардан тұрады.
Музей ғимаратының жалпы аумағы – 3366 м2, экспозициялық залдарға — 2000 м2 берілген. Қазіргі уақытта музей қорында 70 мыңнан астам экспонат сақталымда.
Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Байқоңыр ғарыш айлағының тарихы (ғарышты игеру), Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетілген.
Жаңа ғимаратта музей эскпонаттарын LED экран, галограмма, TOUCH панельдер, SMART витрина, видеопроекция, интерактивті инсталяция, 3D-тур, жасанды интеллект элементтері арқылы таныстыруға мүмкіндік алды.
Келушілерге қызықты тақырыптар бойынша өз бетінше ақпаратты таңдауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер (3 тілде – қазақ, орыс, ағылшын), тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар қойылған.
