Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жұлдызды гид» жобасы аясында тағылымды кездесу өтті. Жобаның кезекті қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Күміс қалам – 2025» республикалық поэзия байқауының жеңімбазы Ақжол Түменбай болды.
Кездесудің алғашқы бөлігінде қаламгер музейдің «Қазақ хандығы» залында авторлық экскурсия жүргізді. Экскурсия барысында Қазақ хандығының құрылу тарихы, Керей мен Жәнібек хандардың елдік жолы, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы, ел бірлігі мен қазақ мемлекеттілігінің даму кезеңдері туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Сонымен қатар музей қорындағы ер қаруы – бес қарудың түрлері мен олардың тарихи маңызына тоқталып, хандық дәуірге қатысты құнды жәдігерлер жөнінде кеңінен баяндады. Тарихи мұралардың мән-маңызын түсіндіріп, келушілермен тағылымды ойларымен бөлісті.
Жобаның екінші бөлімі «Жақсыменен жүздескен жарты сағат…» сұхбат айдарында жалғасты. Еркін форматта өткен кездесуде музей келушілері мен жастар ақынға қазіргі хит әндердің мәтіндерінің жазылу ерекшелігі, шығармашылықтағы шабыт пен муза, поэзияның ән өнерімен байланысы, сондай-ақ бүгінгі қазақ поэзиясының даму бағыты мен әдеби үдеріс туралы сауалдарын қойды. Қаламгер өз тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық жолындағы қызықты оқиғалар мен ой-толғамдарын ортаға салды.
