Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде жүзеге асырылып жатқан «Жұлдызды гид» жобасы аясында спорт пен тарихты тоғыстырған тағылымды кездесу өтті. Жобаның кезекті қонақтары – «Қайсар» футбол клубының капитаны Нұрымжан Салайдин мен әлемдік футболдың танымал ойыншысы Виктор Мозес болды.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде «Қайсар» футбол клубының капитаны Нұрымжан Салайдин музейдегі «Қайсар» футбол клубы экспозициясы бойынша авторлық экскурсия жүргізді. Ол клубтың қалыптасу тарихы, Қазақстан футболындағы орны, тарихи жетістіктері, танымал ойыншылары мен жанкүйерлер жадында сақталған жарқын сәттері туралы әңгімелеп, экспозициядағы құнды жәдігерлердің тарихымен таныстырды.
Кездесудің келесі бөлімі «Жақсыменен өткізген жарты сағат…» атты еркін форматтағы сұхбатпен жалғасты. Келушілер Нұрымжан Салайдин мен Виктор Мозеске кәсіби футболдағы тәжірибесі, халықаралық деңгейде өнер көрсетудің ерекшеліктері, командалық рух, спорттық тәртіп, жеңіске жетудің сыры және жас спортшыларға берер кеңестері жөнінде сауалдар қойды. Қонақтар өздерінің өмірлік және спорттық тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды табандылыққа, еңбекқорлыққа және биік мақсаттарға ұмтылуға шақырды.
Кездесу соңында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Нұрмат Абдуллаұлы құрметті қонақтарға музей атынан арнайы Алғыс хат пен кәдесый табыстап, ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Нұрымжан Салайдин мен Виктор Мозес музей қорына естелік ретінде өз қолтаңбалары қойылған футбол добын сыйға тартты. Бұл құнды сый музей қорын толықтырып, өңір футболының тарихын дәріптейтін бағалы жәдігерлердің қатарына қосылды.
Іс-шара соңында футболшылар жанкүйерлерге қолтаңба беріп, естелік суретке түсіп, келушілермен еркін пікір алмасты. Спорт пен мәдениетті үндестірген бұл жүздесу қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, «Жұлдызды гид» жобасының жастарды ұлттық тарих пен спорт құндылықтарына жақындатудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.
