Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қолөнер шебері, «Aiman Abdi» сән үйінің негізін қалаушы Айман Абдиеваның «Сән мен сыр: Айман әлемі» атты заманауи этно бағыттағы көрме-дефилесі өтті.
Шараның мақсаты – ұлттық киім үлгілерін заманауи сәнмен ұштастыра отырып, қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптеу және ұлттық киім мәдениетінің маңызын кеңінен насихаттау.
Кештің шымылдығы Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттерінің әсем әнімен ашылды. Шара барысында көрермендер назарына дизайнердің ұлттық нақыш пен заманауи талғам үйлесім тапқан «Шабыт», «Айкерім», «Қайсар», «Алтын-ай» топтамалары ұсынылды. Топтамалардың дефилесі аяқталған соң келушілер көрме залындағы ұлттық стильде әзірленген киім үлгілерімен жақынырақ танысып, дизайнердің шығармашылығын тамашалады.
Айман Абдиева – «Aiman Abdi Qazaqbrand» сән үйінің негізін қалаушы, ұлттық сәнді дәріптеп жүрген кәсіпкер-дизайнер. Ол қазақы болмысты заманауи дизайнмен ұштастырып, ұлттық киім мәдениетін дамытуға өзіндік үлес қосып келеді.
Көрме Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2026 жылдың 13 наурызына дейін жалғасады.
