You are currently viewing «ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТҰЛҒА» КӨРМЕСІ

«ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТҰЛҒА» КӨРМЕСІ

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, ұлттық мәдениет пен руханияттың жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тағылымы мол мәдени шара ұлттық тарих пен рухани мұраны дәріптеуге бағытталып, музей ісінің қоғамдағы маңызын айқындай түсті. Көрме Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қоры негізінде жасақталып, көрнекті қайраткердің өмір жолын, ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытындағы қажырлы еңбегін және мәдениет саласындағы реформаторлық қызметін жан-жақты таныстыруды мақсат етті.

Экспозиция барысында келушілерге Өзбекәлі Жәнібековтің жеке пайдаланған заттары, сирек архивтік құжаттары, фотосуреттері, ғылыми еңбектері мен тарихи хаттары ұсынылды. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жаңғырту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау бағытындағы бастамаларына қатысты құнды материалдар көпшілік назарына ұсынылды.

Шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар көрменің тарихи-танымдық мазмұнына ерекше тоқталып, мұндай рухани жобалардың жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген азаматтар Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ мәдениеті мен руханиятын дамыту жолындағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, оның ұлт тарихындағы орнының айрықша екенін жеткізді.

Сонымен қатар, мерекелік шара аясында музей саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген музей қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен және төсбелгілермен марапатталды. Бұл — музей ісіне адал еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне көрсетілген құрмет пен жоғары бағаның айқын көрінісі болды.

🗓 Көрме 2026 жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.