Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасы “Жұлдызды гид” жобасы аясында кезекті тағылымды кездесу бокс спортының белгілі ірі өкілі, Олимпиада чемпионы, I дәрежелі “Барыс” орденінің иегері, Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаевпен өтті. Құрметті қонақ жасөспірімдерге музейдің «Тәуелсіздік» залында орналасқан спорт саласына арналған экспозициялық көрмені таныстырып, отандық спорттың қалыптасу тарихы мен жетістіктері жөнінде мазмұнды экскурсия жүргізді. Ол тәуелсіз Қазақстан спортының даму кезеңдері, халықаралық ареналардағы жеңістер және спорттағы рух пен табандылықтың маңызы туралы кеңінен әңгіме өрбітті.
Жобаның екінші жартысы “Жақсыменен жолыққан жарты сағат…” сұхбат айдарында жалғасып, Бақтияр Ғарифоллаұлы жастармен еркін форматта пікір алмасып, көкейде жүрген түрлі сұрақтарына жауап берді. Спортта жетістікке жету жолдары, тәртіп пен табандылықтың маңызы, мақсатқа адалдық еркін тақырыпта бас қосудың арқау-өзегі болды. Құрметті қонақ өз тәжірибесімен бөлісіп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, еңбексүйгіштікке және үздіксіз даму жолына шақырды.
Іс-шара түйінінде жасөспірім балғындар Бақтияр Артаевқа өз қолтаңбасын қалдыруды сұрап, естелік ретінде автографтар алды, чемпионмен суретке түсіп, ерекше әсерде тарқасты. Сондай-ақ сұхбат аясында белсенді болған жастарға қалалық демалыс паркіне, орталық музейге отбасымен баруға жолдамалар табысталды.
