Семейдің қыркүйек айындағы салқын самалына Сыр елінің рухани лебі қосылды. 19 қыркүйек күні Абай облысының орталығында Қызылорда облысының Өнер күндері аясында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көшпелі көрме салтанатты түрде ашылды. Алаштың анасы атанған Сыр жерінің бай мәдениеті мен әдебиеті, терең тарихы мен өрнекті өнері – құнды жәдігерлер арқылы көпшілікке айшықтала түсті. Бұл көрме – өткеннің асыл қазынасын бүгінгі ұрпақпен табыстырған тағылымды көпір іспетті.
