2025 жылғы 25 қыркүйекте Астана қаласында, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ғылыми кітапханасында «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Семинарға тарихшылар, археологтар, этнологтар, мәдениеттанушылар, шығыстанушылар, музей және мұрағат қызметкерлері, сондай-ақ академиялық қауым өкілдері қатысты. Басқосу барысында Қазақстан аумағындағы оғыз мәдениетінің іздерін айқындау, ғылыми тұрғыдан зерделеу, түркі халықтарының тарихи сабақтастығын көрсету, оғыз мұрасын сақтау мен насихаттау мәселелері талқыланды. Ғылыми ортада пікір алмасуға жол ашқан семинарға Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері де қатысты. Музей директоры Сапар Алиасқарұлы Көзейбаев «Жаһандану дәуіріндегі музей: дәстүр мен жаңашылдық тоғысы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ музейдің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының магистрі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожакелдіұлы Сайлау «Қызылорда облысының аудандық музейлеріндегі археологиялық бағыттағы экспозициялық шешімдер» атты баяндамасын ұсынды. Сонымен бірге музейдің бөлім меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі Айгерим Сеитбековна Беккулиева «Оғыз дәуіріндегі балалар әлемі: керамикалық ойыншықтар» тақырыбында баяндама жасады.


