Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының археологиялық коллекциясынан ұйымдастырылған көрменің ресми ашылуы өтті. Ашылу салтанатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Көзейбаев Сапар Әлиасқарұлы музей ұжымына алғыс, көрменің алдағы жұмыстарына сәттілік тілесе, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бас қор сақтаушысы Бекешев Нұрсұлтан Абайұлы Отырар қалашығының терең тарихынан сыр шертіп, таңдаулы артефактілердің Сыр халқы назарына ұсынылғанын тілге тиек етті.

Сұлу Сыр мен әсем Арыстың түйiскен жерiнде қоныс тепкен Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар – то¬пырағын түртсең, тарихы сөйлейтін өлке. Көрме барысында Отырар тарихына саяхат, Ұлы Жібек жолы және Ислам діні арқылы келген мәдениеттер интеграциясы, ғылымның дамуы, ортағасырлық отырарлық ғалымдар, Отырар алқабындағы қалалық мәдениет, егіншілік, сауда, өндіріске қатысты жәдігерлер және Отырардың сан мыңдаған жылдар бойына жасырған бай мәдениеті мен әлемдік өркениетте алған орны Сыр жұртшылығына ұсынылды.

