You are currently viewing МУЗЕЙДІҢ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

МУЗЕЙДІҢ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Музейдің ғылыми бағыты және зерттеу жұмыстарының өзектілігі» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырды. Семинарда Қызылорданың астана кезеңіндегі (1925-1929 жж.) тарихы, археологиялық ескерткіш кешен – Асанас-3 қалашығындағы археологиялық зерттеулер, Қызылорда облысындағы палеонтологиялық кешен – Шах-Шахтан табылған палеонтологиялық артефактілер, Жанкент және Сығанақ қалашықтарынан табылған музей қорындағы артефактілердің мазмұны мен ел тарихындағы маңызы және Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің соңғы жылдардағы зерттеулері ортаға салынып, талқыланды.

Семинарға Қызылорда облысы бойынша музейлердің ғылыми қызметкерлері, тарихшы және археолог ғалымдар, өлкетанушылар, Қорқыт ата атындағы ҚУ студенттері, республикалық БАҚ өкілдері, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшілері қатысты.

Музейдегі ғылыми жұмыстар – ұлт тарихының терең тамырын тануға, мәдени мұраның мәнін ұғынуға бағытталған маңызды іс. Семинардың басты мақсаты – музей тарапынан жүргізілген ғылыми жобалардың нәтижесімен бөлісу, музей ісі мен зерттеу жұмыстарының өзара байланысын нығайту, өзара тәжірибе алмасып, ғылыми қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру.