Бүгін, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай суретші Ерлен Дарханның «Қала келбеті: Қызылорда» атты макеттер көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Шараны Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ахметова Жанат Дәуренқызы, ардагер ұстаз Раушанбек Сариев және «Оқушылар сарайының» оқу-ісі жөніндегі меңгерушісі Алтынай Төлегенова ашып, көрменің маңызы мен суретшінің шығармашылығына арналған жылы лебіздерін білдірді.

Көрмеде Қызылорданың өткен мен бүгінін сабақтастыра бейнелейтін ғимараттардың макеттері мен авторлық композициялар қойылды. Шараға мәдениет және білім саласының қызметкерлері, өнер иелері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Көрме арқылы көрермендер туған қаланың сәулеттік келбеті мен рухани тарихын жаңа қырынан таныды.
