You are currently viewing МАҢҒЫСТАУ МҰРАСЫ СЫР ЕЛІНДЕ

МАҢҒЫСТАУ МҰРАСЫ СЫР ЕЛІНДЕ

Ұлттық домбыра күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған «Қазақтың жаны – домбыра» атты бірегей көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты шараны Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сейілов Жанмұрат Жақсымұратұлы ашып, Ұлттық домбыра күнінің маңызына тоқталып, халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан күйшілік дәстүрі мен домбыра өнерінің ұлттық руханияттағы орны ерекше екенін атап өтті.

Көрмеде XIX–XX ғасырларға тиесілі тарихи домбыралар, жыраулар мен күйшілердің жеке заттары, қолжазбалары, сирек фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, сондай-ақ домбыра жасау өнеріне қатысты шеберлік құралдары көпшілік назарына ұсынылды.

Келушілер Қарасай Қалыұлы, Тәжік жырау Мұсаұлы, Қашаған Күржіманұлы, Шамығұл Ыбырайымұлы, Самиғолла Андарбаев, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы сынды тарихи тұлғалардың домбыралары мен күйші Мұрат Өскінбайұлының қолжазбалары, жеке заттарымен таныса алады.

Сонымен қатар, мереке аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бірегей жәдігерлерден арнайы көрме ұйымдастырылып, Сыр өңірінің көрнекті өнер қайраткерлері – Дүр Оңғар жырау, Нартай Бекежанов, Алмас Алматов, Қазанғап Тілепбергенұлы, Манап Көкенов, Сәрсенбай жырау, Омар Сейтпенбетов және Ақмырза Тұяқбаевтардың жеке домбыралары көрерменге ұсынылды.