18 сәуір – Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясында маңызды онлайн кездесу өтті.
Канада елінен Кембридж университетінің докторанты, палеонтолог Джаред Майло Юрий Цай Шиферт Жосалы станциясынан солтүстікке қарай 80 шақырым жерде орналасқан, Мезозой эрасының Бор дәуіріне (93–86 млн жыл бұрын) жататын Шах-Шах палеонтологиялық кешеніне қатысты соңғы зерттеу нәтижелерін және оның болашақтағы ғылыми маңызын таныстырды.
Презентация барысында кешеннің:
— ғылыми зерттеу бағытындағы әлеуеті;
— халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері;
— облыстық музей қорын палеонтологиялық жәдігерлермен толықтыру жолдары;
— сондай-ақ өңірлік геотуризмді дамыту перспективалары
кеңінен талқыланды.
Алдағы уақытта стратегиялық әріптестік аясында облыстық музей қызметкерлерін зерттеу жұмыстарына тарту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағыттары қарастырылуда.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 22 сәуірінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен бірлесіп Шах-Шах палеонтологиялық кешеніне «Шах-Шах палеонтологиялық кешені – ғылыми туризмнің жаңа бағыты» тақырыбында пресс-тур ұйымдастырмақ.
Бұл бастама өңірдің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі зерттеу және туризм саласының дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
